Астанада жазғы лагерьлер жәрмеңкесі өтеді
Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат - Бүгін М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы жанындағы Арбатта жазғы лагерьлер жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қалалық білім басқармасының қолдауымен бүгін сағат 10:00 мен 19:00 аралығында ата-аналар мен балалар жазғы лагерьлер туралы ақпаратты ала алады.
«Жазғы маусымда оқушылардың белсенді демалысын, оларды сауықтыруды, бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру - елордадағы білім беру мекемелері қызметінің басымдықты бағыттарының бірі. Әр ата-ана өз баласы үшін талғамына сай жазғы лагерьді өз бетінше таңдап, бағдарламалармен, тұру және тамақтану, тасымалдау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайларымен таныса алады», - делінген хабарламасында.
Жәрмеңкеге «Discovery», «Бітімгер», «Балдәурен» БСЛ, «Сұңқар» БСО, «Звездный» БСО, «Arman» балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығы, «Парус» БСО, «Самұрық» БСО, «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагері, «Жұлдыз» БСЛ, «Чайка» БСЛ, «Сокол» БСЛ, М. Ғабдуллин атындағы демалыс кешені, «Лесная сказка» ДОО, «Тұлпар» этникалық киіз үй лагері, «Батыр» шатырлы лагері сияқты Ақмола облысының балаларға арналған жетекші сауықтыру лагерьлері қатысады.