Астанада жазушы Әлібек Асқаровтың «Алтай - алтын бесік, ата жұрт» кітабы таныстырылды
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаңтардың 22-сі күні Астанада жазушы Әлібек Асқаровтың «Алтай - алтын бесік, ата жұрт» кітабының таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті прозашы, эссеші Әлібек Асқаров - туған әдебиетіміздің бүгінгі бет - бейнесін айқындайтын қаламгерлердің бірі.
Жазушының «Алтай - алтын бесік, ата жұрт» кітабы «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай» эссе туындылардан тұрады. Бұл толғау-эсселер бірін-бірі толықтырып, Алтайға ғана тән ерекшелікті түйсінуге көмектеседі.
«Философия - табиғаттың тереңі» деген сөз бар. Прозаның тереңіне жетіп жүргендердің бірі Әлібек Асқаров. Ол прозаның тереңіне қалай барады?! Өзі өте жақсы білетін тақырыбы - туған мекені, туған Алтайы. Әлібек мемлекеттік жұмыс пен шығармашылықты қатар атқарып, соның үйлесімін тауып жүр», деді қаламдас досы, философ, сенатор Ғарифолла Есім.
Ә. Асқаров - кәсіби баспагер. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі баспа ісінің және полиграфия саласының ұйымдастырушысы.
Оның туындылары бояу қанықтығымен, табиғатты кейіптеудегі нәзік нақыштарымен дараланады. Еліміздің өрнегі өзгеше Катонқарағай өңірінің сөз қырандары Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев сынды от ауызды, орақ тілді қара сөз шеберлерінің ізбасары бола білген жазушы «Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл елге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Родники рождаются в горах», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері», «Скрипка соленого сердца» кітаптарының авторы.