Астанада жазушы Қажығұмар Шабданұлының өмірі мен шығармашылығына арналған жиын өтті

Өзінің қилы заман кешулерін, тағдыр тәлкегіне мойынұсынбаған қайсар рухқа толы өмір шежіресін шығармаларына арқау еткен дара талант иесі, жазушы Қажығұмар Шабданұлының ұлағатты өмір тарихын әрі қарай зерттеп, халыққа кеңінен насихаттауды мақсат еткен салиқалы басқосуға әдебиеттанушы ғалымдар мен тарихшылар, жазушының ұрпақтары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған белгілі қоғам қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Шақарбекұлы секілді жазушы, зерттеушілер Қажығұмар өмірінің әр кезеңінен сыр шертіп, жазушы шығармаларын қазақ жерінде кеңінен насихаттап, елге танытудың өзектілігін баян етіп, алдымыздағы жылы атап өтілетін жазушының 90 жылдығын сәтті ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.
Ал, жиналысқа Алматыдан арнайы келген Жайнар Қажығұмарқызы әкесі жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Өзінің қолында жазушының бүгінге дейін еш жерде жарыққа шықпаған шығармаларының бір тобы бар екендігін айтты.
Шара соңында Қажығұмар Шабданұлының көптомдық «Қылмыс» романының Қазақстанда тұңғыш рет басылып отырған төте жазудағы нұсқасының тұсауы кесілді. Талқыға қатысқан ғалымдар шығарманың төте жазумен басылып шығуы қоғамның қажеттілігінен туындап отырғандығын, Қазақстанның өзінде 1 миллионға жуық адам осы жазуды еркін оқып білетіндігін сөз етті.
Бақытжол Кәкеш