Астанада жедел жәрдемнің бұрынғы бас дәрігері 8 млн теңгеден астам қаржыны қымқырды деп күдіктелуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жедел жәрдем стансасының бұрынғы бас дәрігері 8 млн теңгеден астам қаржыны қалтасына басты деп күдіктелуде, деп хабарлады елордалық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Астана қаласының прокуратурасы «Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің стансасы» ШЖҚ МКК-ға тексеріс жүргізді. Нәтижесінде тауарлық-материалдық құндылықтардың жетіспейтіндігі анықталды.
«Аталған факті бойынша кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына қатысты сот алды тергеу жүргізілді. Тергеу кезінде бұрынғы бас дәрігер, МКК мемлекеттік сатып алулар бөлімінің бастығы жабдықтаушымен келісіп, 2014 жылы жедел жәрдем көлігін жөндеуге бөлінген 8 072 500 теңгені қалталарына басып, өз пайдаларына жұмсағаны анықталды», делінген хабарламада.
Қылмыстық іс аяқталып, қарастыру үшін сотқа жолданды.