16:10, 06 Қараша 2024 | GMT +5
Астанада жел ұйытқып тұр: ТЖД азаматтарды абай болуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы ТЖД ауа райының қолайсыздығына байланысты жазатайым оқиға болмас үшін елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 6-7 қараша күндері қатты жел соғады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с болады деп болжанып отыр.
Осыған байланысты Астана қаласы ТЖД қатты жел кезінде жарақат алмау үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- ғимараттардан шығуға асықпаңыз (мүмкіндігінше үй-жайларда болыңыз);
- балаларды ерекше бақылауға алыңыз және оларды қараусыз қалдырмау маңызды;
- егер қатты жел кезінде сыртта болсаңыз, жақын маңдағы кіреберісті немесе дүкенді паналаңыз;
- үйлердің қабырғаларына жақын жерде қатты желден жасырынбаңыз, өйткені шатыр материалдары құлап кетуі мүмкін;
- қоғамдық көліктің ашық аялдамаларында, билбордтардың астында, ағаштарда, құрылысы аяқталмаған ғимараттарда жасырынуға болмайды;
- қатты жел кезінде электр желісінің астында тұрып, үзілген электр сымдарына жақындау өте қауіпті;
- жеке автокөлікті ағаштардан қауіпсіз қашықтықта қою ұсынылады.
Төтенше жағдайлар кезінде 101 және 112 нөміріне хабарласу қажет.