Астанада «Жемқорлыққа жол жоқ!» акциясы өтіп жатыр
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы және Қаржы полициясы елордадағы «Қазгидромет» мекемесінде «Жемқорлыққа жол жоқ!» акциясын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара негізінде «Қазгидромет» ғимаратында жемқорлыққа қарсы үгіт-насихаттық плакаттардың көрмесі қойылды. Оған парақорлық пен жемқорлық көріністеріне қарсы тақырыбында балалар мен ересектер арасында өткізілген байқаудың ең үздік 40 жұмысы қойылған.
«Акцияның негізгі мақсаты - халқымыздың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, сана-сезімінде оған деген көзқарасын өзгерту», дейді «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Дәулеткерей Рахметуллин.
ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Мәжит Тұрмағамбетовтің айтуынша, шараның «Қазгидромет» ғимаратында ұйымдастырылуы мекеме ұжымының ішінде сыбайлас жемқорлықтың белең алғандығын білдірмейді. «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жемқорлықпен күрес жұмыстарын алдыңғы қатарда ұстайды. Сондықтан ведомствоның жыл басындағы отырысында осы жұмысты қоғамдық ұйымдармен, партиялық құрылымдармен бірге атқару міндеті қойылған болатын», дейді ол.
«Сыбайлас жемқорлық елдегі әлеуметтік-кономикалық үдерістерді тежеп қана қоймай, саяси, азаматтық институттардың дамуына да қауіп төндіреді. Бұның алдын алу үшін халық осы қауіптерді түйсінуі қажет», дейді ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Мәжит Тұрмағамбетов.
«Нұр Отан» партиясы келесі осындай шараны Қаржы министрлігінде өткізбек.