Астанада жемқорлықтары үшін 20 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Астанада сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін 20 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Астана прокуратурасының өткен жартыжылдықтағы қызмет қорытындысына арналған алқа мәжілісінде осындай факті мәлім етілді.
Атап айтқанда, прокуратура қызметкерлері 92 сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтады. Соттардың қылмыстық істерді қарау тәжірибесінің көрсеткішіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлық қылмысының ең таралған түрлеріне лауазымды тұлғалардың пара алу, қызмет лауазымдарын асыра пайдалану, сондай-ақ, қызмет лауазымын пайдалана отырып өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемдену және талан-таражға салу фактілері жататыны анықталып отыр. Аталған фактілер бойынша 25 тұлға бас бостандығынан айырылды.
Сыбайлас жемқорлық заңнамаларын бұзғаны үшін прокурор актілері бойынша «Алматы» ауданының № 1 Халыққа қызмет көрсету орталығының және «Сарыарқа» ауданының № 1 Халыққа қызмет көрсету орталығының директорлары жұмыстарынан босатылды.
Тексерулер барысында сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғандары үшін қалалық ішкі істер департаментінің 22 қызметкері тәртіптік жуапкершілікке тартылды.