Астанада жеңіл автокөлік жаяу жүргіншіні қағып өлтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жеңіл автокөлік жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан адамды қағып кетіп, осының салдарынан зардап шеккен әйел көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«29 қаңтар күні сағат шамамен сағат 8:40 шамасында «Hyundai Accent» маркалы автокөлікті тізгіндеген жүргізуші Қабанбай батыр көшесімен Әуежайға қарай бара жатып, «Авиатор» аялдамасы маңында бақыланбаған жаяу жүргіншілер жолында адамды қағып кеткен. Көлік қаққан әйел реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан», - деп хабарлайды Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен әйел оқиға орнында жан тапсырды. Аталған жағдай ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бірқатар сараптама жұмыстары тағайындалды.