Астанада жеңіл жүрісті қызды тонаған жігіт 3 жыл 6 айға сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіл жүрісті қызды тонаған астаналық жігіттің мүлкі тәркіленіп, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылатын болды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына қарағанда, 2017 жылдың маусым айында ер азамат интернет-сайты арқылы жеңіл жүрісті қызбен танысып, кейіннен онымен кездесу үшін үйіне барған. Пәтерде біраз уақыт болған оның ойында бөтеннің мүлкін ұрлау туралы арам ниет қылаң береді. Өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін түннің жарымында сотта анықталмаған тұлғалармен сөз байласады. Кейіннен сыбайластары өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, «қызмет көрсетуші» қыздың пәтерінен ақшалай қаражат пен алтын бұйымдарын тонап әкеткен.
«Астана қаласы Есіл аудандық сотының үкімі бойынша қылмыскер ҚР Қылмыстық кодексінің 191 бабы 2 бөлім 1-3-4 тармақтары бойынша айыпты деп танылды. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Бұнымен қоса сотталушының қылмыстық жолмен иеленген мүлкі тәркіленетін болды. Үкім заңдық күшіне енген жоқ», - делінген баспасөз баянында.