Астанада Жеңіс даңғылына күрделі жөндеудің аяқталуына орай даңғылдың мерекесі өтеді - әкімдік
ТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Үстіміздегі жылғы 16 қазанда Астанада қаланың қақпасы - теміржол вокзалы мен елорданың тарихи орталығын байланыстыратын - Жеңіс даңғылының мерекесі өтеді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Мерекені «Сарыарқа» ауданының әкімдігі қаланың оң жағалауындағы ең көне магистральдің түбегейлі жаңартылуына орай өткізіп отыр.
Аталмыш даңғылдың тарихы Целиноград Қалалық атқару комитетінің №12/370-ші шешімімен 1965 жылдың 5 мамырында Спортивная көшесі 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығына орай - Победа даңғылы атауына ие болған кезеңнен басталады. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін және елорда Астана статусына ие болғаннан кейін Астана қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 5 желтоқсандағы №60-шы қаулысымен және қалалық мәслихаттың 2007 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен Победа даңғылының атауы Жеңіс даңғылы болып бекітілді.
Жеңіс даңғылының магистральді дәрежесі онымен жанасатын аумақтардың дамуына ықпалын тигізді. Даңғылдың бойымен әр жылдары темір жолдың әкімшілік ғимараттары, ведомстволық ауруханалар, университеттер, универмагтар, стадион, кітапхана мен жүздеген тұрғын үйлер бой көтерді. Бүгінде даңғылдың бойында шағын және орта бизнестің 146 нысаны, 4 оқу мекемесі, аурухана, 3 банк, 3 саябақ, кітапхана, денсаулық орталығы, 5 стоматология және 81 тұрғын үй орналасқан.
Бірақ соңғы жылдары ҰО соғысына дейінгі жылдары төселген инженерлік инфрақұрылымның тозығының жетуі Жеңіс даңғылымен жанасатын аумақтарды дамытуға кедергісін тигізе бастады. Жылу магистральдарындағы, су және кәріз желілеріндегі жыл сайынғы апаттардың соңында Жеңіс даңғылы халық аузында «геологтар даңғылы» атала бастады.
Проблеманы түбегейлі шешу үшін 2011 жылы Астана әкімдігі даңғылды күрделі жөндеуден өткізіп, жол астында орналасқан инженерлік коммуникацияларды түгелімен ауыстыру шешімін қабылдады. Жұмыстар 9 сәуір мен 15 қазан аралығында жүргізілді. Нәтижесінде, ұзындығы 3,386 шақырым болатын Жеңіс даңғылының 4 407 метр жерінде тұрмыстық кәріз желілері, 8 384 жауынға қарсы желілер, 4 178 телефон желісі ауыстырылды. Сондай-ақ, жылу жүйесінің 1 869 метр жеріне жаңа құбырлар салынды. Заманауи материалдан жасалған құбырлар Жеңіс даңғылына 50 жылға дейін апаттық қопарулар жүргізбеуге мүмкіндік береді.
Осы күндері даңғылды абаттандыру жұмыстары аяқталу үстінде. Онымен бірге, даңғылдың бойында жатқан 40 үйдің ауласына абаттандыру жүргізілуде. Оларға кіреберіс жолдар асфальтталып, жол жиегіндегі көмкермелер ауыстырылуда.
Жеңіс даңғылын қайта жөндеуден өткізуге 6,5 млрд. теңге қаражат жұмсалды.
Айта кетейік, биыл сондай-ақ, Астананың оң жағалауындағы ұзындығы 2,54 шақырым болатын Иманов көшесіне де қайта жөндеу жүргізілді. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылды. Оның екінші кезеңі 2012 жылы қайта басталады. Иманов көшесін қайта жөндеу жобасына бюджеттен 5,2 млрд. теңге бөлінді.