Астанада «Жеңіс жолымен» атты көрме өтіп жатыр

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Елордада «Жеңіс жолымен» атты көрме өз жұмысын бастады. Бүгін Астана қаласы Қазіргі заманғы өнер мұражайында көрменің салтанатты ашылу рәсімі болды.
None
None

Шараның негізгі мақсаты - Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай елімізге ерлігімен еңбек сіңірген соғыс ардагерлеріне тағзым ету болды.

Көрменің ашылу салтанатына Ұлы Отан соғысының ардагерлері Леонид Картаузов, Алексей Фролов және Алексей Камышный қатысты.

Көрмеге мұражай қорынан алынған 1943-1988 жылдар аралығында жарыққа шыққан қазақстандық суретшілердің 25 өнер туындысы қойылған.

Соның ішінде Қадірбек Қаметовтің «Барлығы майдан үшін», «Майданнан хат», Василий Тимофеевтің «Рейхстаг шабуылының батыры Р.Қошқарбаев» атты тақырыптық картиналары ерекше қызығушылық тудыруда.

Сонымен қатар көркемдік әрі тарихи құндылығы айрықша көрме жұртшылық назарына түрлі техникамен орындалған майдан мен соғыс тақырыбындағы өзге де кескіндемелік, графикалық жұмыстар мен мүсіндерді ұсынады.

Мәдени шара барысында арнайы шақырылған қадірлі ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Жеңіс жолымен» көрмесі мамырдың 22 дейін жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар