Астанада Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының мәслихатында Әлеуметтік-мәдени даму бойынша тұрақты комиссияның тыңдаулары өтті.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтынан хабарлады.
Қалалық мәслихат депутаттары Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарымен танысты. Жиналысқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов, сондай-ақ мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму комиссиясының төрағасы Абай Байгенжин, қалалық және аудандық басқармалардың басшылары қатысты.
Елорда әкімінің орынбасары мәлім еткендей, қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары жүзеге асырыла бастады. Осы жоспар аясында ҰОС мүгедектері, оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері әлеуметтік көмекке ие болады.
«Аталмыш жоспар негізінде 33 ардагердің пәтерлері жөнделеді. Сонымен қатар, 51 ардагердің пәтеріне құрылыс компанияларының көмегімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін аяқталады», - деді Е. Аманшаев.
Е. Аманшаевтың айтуынша, 2015 жылғы 20 мамырға дейін баспанаға зәру 7 ардагерге пәтер беріледі. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен бір реттік төлемдер жасалады. Коммуналдық төлемдерді өтеу, санитарлық-курорттық демалыс орындарына жіберу, тіс протездеу және ҰОС ардагерлерін қажетті дәрі-дәрмектермен қамту секілді көмек түрлері көрсетіледі.
Бұдан басқа, Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары негізінде елордада бірқатар шығармашылық концерттер, мерекелік акциялар, спорттық сайыстар өтеді. Аталмыш мерекеге орай Жеңіс даңғылындағы гүлбақ аббатандырылады, арнайы баннерлер орнатылады.
Қалалық мәслихат депутаттары тұрғын үйлердің кіреберісінде ардагерлердің есімдері жазылған тақтайшаларды ілу туралы өз ойларымен бөлісті. Депутаттар өскелең ұрпақтың, жастар арасында насихат жұмыстарын өткізуге көп көңіл бөлу керек екендігін атап өтті.