Астанада жеңілдік көлік картасын кімдер рәсімдей алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық көлікте жол жүруге арналған атаулы көлік карталарын Tarlan Astana кассаларында рәсімдеуге болады.

Астанада жеңілдік көлік картасын кімдер рәсімдей алады
Фото: CTS компаниясы

17 қазаннан бастап елорданың қоғамдық автобустарында жол жүруге арналған оқушылар мен жеңілдік санатындағы азаматтардың атаулы көлік карталарын Tarlan Astana-ның 18 станциясында рәсімдеуге болады. 

Орталық кассадан бөлек, көлік карталарын рәсімдейтін мамандандырылған кассалардың саны артады. Бұл елорда тұрғындары үшін аталған қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған кассаларда автобуста және «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлігінде жолақы төлеуге арналған жеңілдігі бар және мектеп көлік карталарын рәсімдеуге болады.

Атаулы көлік карталарын мына санаттағы азаматтар рәсімдей алады:
• елордадағы оқу орындарында білім алатын 7 мен 18 жас аралығындағы оқушылар;
• Астана қ. тіркелген және тұрақты тұратын, Астана қ. мәслихаты бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар.

Мектеп көлік картасын рәсімдеу үшін мына құжаттар қажет:
• ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке куәлігінің түпнұсқасы не төлқұжаты;
• баланың ЖСН көрсетілген туу туралы куәлігінің түпнұсқасы;
• Астана қ. оқу орнынан анықтаманың түпнұсқасы;
• өлшемі 3 × 4 см немесе 4 × 6 см түрлі түсті фотосурет.

Жеңілдік көлік картасын рәсімдеу үшін қажетті құжаттар:
• жеке куәліктің түпнұсқасы немесе төлқұжат;
• зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасы;
• өлшемі 3 × 4 см немесе 4 × 6 см түрлі түсті фотосурет.

eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттарды, оның ішінде «Әлеуметтік ID» құжаты да жарамды.

Айта кетелік Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 150 теңгеге көтерілмек. Сонымен қатар елорда автобустарында қолма-қол ақшамен жолақы төлеу қайта енгізілмек.