Астанада ЖЭО-3 құрылысының бірінші кезегі 2016 жылы аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жұмыс істейтін мекемелер мен ұйымдардың көбеюіне байланысты оларды энергиямен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Қазіргі ЖЭО жұмыстарын жеңілдетіп, электр қуаты көлемін арттыру үшін жаңа ЖЭО-3 салу туралы шешім қабылданды.
Астана қаласы Энергетика басқармасының мәліметінше, қуаттылығы 480 Гкал/сағ құрайтын жаңа энергия көзі ЖЭО-3 құрылысының 1-кезегі 2010 жылы басталды және оны 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның 1-кезегінің құрамында су жылытатын қазандық пен ЖЭО-3 барлық инфрақұрылымының құрылысын жүргізу қарастырылған, деп жазады елорданың .
Инфрақұрылымға теміржол станциясы, сыртқы инженерлік желілер, отын тарату, су дайындау нысандары, 1-көтеру сорғысы, әкімшілік ғимараттар мен алаңдағы инженерлік байланыстар жатады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, су жылыту қазандығының қаңқасы, сондай-ақ қазандықтарды (үш су жылыту қазандығы мен 1 бу қазандығын ірілендіріп құрастыру аяқталды) монтаждау жұмыстары жалғасуда. 1-көтеру сорғысының техникалық жабдықтарын монтаждау, № 1 мұржаның құрылысы, 2 су жылыту қазандығы, өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы, сонымен қатар, технологиялық құбыр эстакадасы мен ЖЭО-1 және ЖЭО-3 аралығындағы жылу жүйесін монтаждау бойынша жұмыстар жүргізілді.