Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада жер телімдерін алудың тәртібі түсіндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі шаһар құрылысы мен Бас жоспарды дамыту мақсатында мемлекеттік қажеттіліктерге арналған жер телімдерін алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруда. Олардың басым бөлігін (99%) бақша учаскелері құрайды.

Астанада  жер телімдерін алудың тәртібі түсіндірілді

Бүгін «Мемлекеттік қажеттіліктерге арналған жер телімдерін алу мәселелерін түсіндіру» тақырыбында өткен брифингте әкімдік пен ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері жер телімдерін алу процедуралары мен жер телімінің иелерінің құқықтары туралы айтып берді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алынатын жер телімдерін бағалау бойынша конкурс өткізіледі. Бағалауды әкімдік емес, осы қызметпен айналысуға барлық қажетті лицензиясы бар тәуелсіз бағалау компаниясы жүргізеді. Бағалау меншік иесін хабардар ете отырып қолға алынады, содан кейін меншік иесі қойылған бағамен танысады. Ол аталған сомамен келіссе, келісімдердің бәрі мәслихат комиссиясына жолданады, жергілікті уәкілетті органмен қаралады. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда да осылай жазылған. Тек содан кейін ғана сатып алу және қажетті өтемақыларды төлеу процедуралары жүргізіледі. Меншік иелерінің 80% астамы ғана келісіп, ешқандай сот әрекеттерінсіз өз өтемақыларын алады», - деді «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры Мирас Шекенов.

Оның айтуынша, кейбір адамдар осы шартпен келіспей, сотқа жүгінеді. Бұл ретте кейбір бақша учаскелері меншік иелерінің келіспеу себебі, аталмыш телімді тұрақты өмір сүруге пайдаланып отырумен және алу кезінде сәйкесінше ұқсас мақсаттағы жер телімдерінен бас тарта отырып, мемлекеттен тұрмысқа жайлы тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй құнына пара-пар өтемақы талап етулерімен түсіндіріледі. Бұл ретте ұқсас мақсаттағы жерлерден бас тартады.

«Келіспей отырған адамдарға келсек, мен назарларыңызды мына бір жайтқа аудармақпын. Әкімдік саяжайлар, бақша учаскелерінен басқа, тікелей үйлерді де сатып алады, яғни жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін, бірақ олармен еш қиындық туындамайды. Себебі адамдар өздерінің мақсаттарына лайық өтемақы алады. Қазіргі уақытта мәселе бақша учаскелерінде тұрып жатқан адамдарға байланысты болып отыр. Бұл шынында да әлеуметтік мәселеге айналды. Дегенмен, бәріміз де түсінуіміз керек. Ең әуелі біз тұрғын үйдің қандай екенін анықтаймыз. Бұл тұрғын үй ме? Көп жағдайда (99%) - бұл учаскелер бақ шаруашылығына арналған, бірақ адамдар оны тұрғын үй ретінде пайдалануға мәжбүр», - деді М.Шекенов.

Заңға сәйкес бақша учаскелеріндегі құрылыс тұрғын үй болып табылмайды. Өйткені мерзімді сипатта (уақытша) және тұрақта өмір сүруге бағытталмаған.

Брифингке қатысушылар атап өткендей, қала аумағында бақша немесе саяжай құрылысын дамыту қарастырылмаған. Онда орын тепкен барлық бақша алаптары мемлекетке қайтарылу тиіс және сол аумақта болашақта түрлі әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандар (аурухана, балабақша, мектеп және т.б.) жолдар, саябақтар, гүлзарлар және т.б. салу көзделген.

Айта кетейік, мемлекеттік қажеттіліктерге арналған жер телімдерін алу кезінде мемлекет заңнама талаптарын сақтайды және мемлекетке де, жер телімдерінің иелеріне де тиімді болуы үшін осындай жағдайларды шешу үшін барлық шараларды қабылдайды.