Астанада жер учаскесін алу жүйесі жеңілдетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс жүргізу үшін жер телімдерін беру жеңілдетілген схемамен жүзеге асырылады. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының 41-ші кезектен тыс сессиясында Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий мәлімдеді, деп жазады astana.gov.kz.

Астанада жер учаскесін алу жүйесі жеңілдетіледі

«Рұқсат беру екі кезеңмен жүргізіледі. Біріншісі, тексеру, іздеу жұмыстарын жүргізуге және жер учаскелерін жобалауға рұқсат беру. Екіншісі, құрылыс жүргізу үшін учаскелер бөлу. Жер учаскесін алуға ниетті кәсіпкер Астана қаласының бүгінгі жоспарын өз бетінше қарайды, мақсатты жер учаскесінің жоспарлы орналасатын жерін анықтайды. Содан кейін өтінішін тіркеп, схеманы Астана қаласының Жер қатынастары басқармасының қарауына ұсынады», - деді ол.

Рұқсат беру жаңа технологияларды қолдана отырып, автоматтандырылады. Виталий Силецкийдің атап өтуінше, өтініш берушінің ұдайы келіп жүруі немесе түрлі мемлекеттік органдарға баруы қажет емес. Оның үстіне, ешқандай төлемдер жасалмайды, бастапқы рұқсат құжаттарын әзірлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі, сондай-ақ, құжаттарды қарау мерзімі екі есе қысқарады, енді бұл үшін бұрынғыдай 60 емес, 30 жұмыс күні ғана керек.