Астанада Жергілікті полиция басшылығы мен ПИК төрағалары құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті полиция басшысы Бақытжан Малыбаев Астана қаласы «Есіл» ауданының ПИК төрағаларымен бірінші кездесу өткізді, деп хабарлады astana.gov.kz.
Сындарлы диалог аудан әкімдігінің ғимаратында өтті. Кездесуге «Есіл» ауданы әкімінің орынбасары Ә. Қайыржанов пен полицияның учаскелік инспекторлары қатысты.
Кездесу барысында Б. Малыбаев жаңадан құрылған жергілікті полицияның қызметі мен оған жүктелген қоғам алдында полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, полиция қызметін халықтың мүддесі мен қажеттіліктеріне жақындатуға, жалпы, тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретін міндеттерге тоқталды.
«Бүгінде әрбір қала тұрғынына өз учаскелік инспекторын таныстыру, оның азаматтарды қайда және қашан қабылдайтынын, оған қай телефон номері бойынша тәуліктің кез-келген уақытында хабарласуға болатынын жеткізу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Біздің учаскелік инспекторлар әрбір қала тұрғынына учаскелік инспектордың байланыс телефондары мен әкімшілік учаскеде жұмыс істейтін ІІБ кезекшілерінің номерлерін таратуда, үйлердің кіреберістерінде, дүкендердің есіктерінде және учаске аумағында орналасқан сауда орталықтарында ақпараттық стендтерде ақпараттық үнпарақтар орналастырылуда» - деді Б.Малыбаев.
Оның айтуынша, полицейлердің жұмысының тиімділігі көбінесе халықтың учаскелік инспекторлармен және ПИК төрағаларымен өзара әрекет етуіне байланысты. Қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету құқықтық мәдениет ісіне айналып, оны кез келген азамат ұстануы тиіс. Бұл азаматтық борыштың және елорда тұрғындарының құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесінің белгісі болады.
«Нақ осындай қатынастар елорда тұрғындары мен полицейлер арасында әлдеқайда тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде, ұсақ бұзушылықтардың уақытылы алдын алу мен одан гөрі ауыр қылмыстарды болдырмаудың кепілі болып табылады» - деді жергілікті полиция басшысы.
Нәтижелі өткен кездесу барысында ЖПҚ бастығы ПИК төрағаларының сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ол көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін аулалар мен кіреберістерді бейнекамералармен жабдықтауды сұрады.
Жергілікті полиция басшысы осындай кездесулердің елорда аудандарында жүйелі түрде өткізілетінін атап өтті.