Астанада жерлерді заңсыз басып алуға қарсы арнайы құрылым жұмыс істейтін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жерлерді заңсыз басып алуға қарсы арнайы құрылым жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының конференциясында мәлім етті.
«Біз меншікті заңдастыру науқаны кезеңінде жер учаскелерін заңсыз басып алуды болдыртпау мақсатында арнайы құрылым құруды қолға аламыз. Бас жоспарға сәйкес келмейтін, кез келген жерге нысан немесе баспана салып, кейін әкімдіктен нарықтық бағаға сатып алуға мәжбүрлейтіндердің іс-қимылына тосқауыл қоямыз. Біз ондайға бармаймыз», - деді әкім.
Осындай келеңсіз жағдайлардың бірін И.Тасмағамбетов мысал ретінде келтіре кетті. Комсомол шағын ауданында меншік иесі дәл жолдың үстіне үй салып қойған, осылайша заңды салынған баспана иелеріне үлкен жайсыздық тудырған.
«Маған арыз-шағым келіп түседі. Мәселені талдай келе анықтағанымыз, ол үйді заңдастыру науқаны кезінде заңдастырып алған. Түйткілді шешу керек болды. Ол заңдастырылған болғандықтан, заңды кері қайтара алмайсың. Сондықтан әкімдік ол үйді нарықтық бағамен сатып алып, оны сырып тастауға мәжбүр болды», - дейді И.Тасмағамбетов.