Астанада жетім балаларды қамқорлығына алған абзал жандарға құрмет көрсетілді
АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше, сенбіде Астанадағы №66 мектеп-лицейінде «Қамқоршы күніне» орай республикалық «Балаларға жылу сыйла» атты мерекелік шара өтті.
Шараның басты мақсаты жетім балаларды қамқорлығына алған абзал жандарды марапаттауға бағытталған. Мерекеге 200-ден астам қамқоршы мен патронат отбасы мүшелері, демеушілер мен тәрбиелеуші мамандар шақырылды.
Шараға қатысқан Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, қазіргі күні елордада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және тұл жетімдердің саны 1024, оның 536-сы қамқоршы отбасыларында тәрбиеленуде. Қалған 488 бала балалар үйінде және «Пана» атты арнайы мекемелерде тұрып жатыр.
Оның айтуынша, «Балаларға жылу сыйла» атты акция Қазақстанда былтыр басталған және дәстүрлі іс-шаралардың бірі ретінде қолға алынуда.
«Жетім қалған балаларды өз үйлеріне алып, бауыр басып жатқан отбасыларға біз әрқашан қолдау көрсетуге тиіспіз. Соңғы үш жылда осы балаларды асырап алуға ниеті бар астаналықтардың саны ұлғайып келеді. Қаладағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балғындарымыздың саны да біршама азайып келеді», - дейді ол.
Жалпы Қазақстанда 25 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қамқоршылық жанұяларында тәрбиеленуде. Салыстырмалы мәлімет бойынша, балалар үйлеріндегі жетімдер саны 15 мыңнан астам, ал патронаттық тәрбиедегі бұл көрсеткіш 2 мыңнан асады.