Астанада жыл басынан бері 25 бала терезеден құлаған

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 25 оқиға тіркелді. Ал республика бойынша дәл осындай 47 оқиға болған.

Терезе
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Әли Арғынбаев хабарлады.

– Астана қаласы бойынша жыл басынан бері 25 оқиға тіркелді. Ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш – 47. Оқиғалардың жартысынан көбі елордада болып отыр. Өкінішке қарай, 7 бала көз жұмды. Өткен жылы 58 оқиға тіркеліп, 14 бала қаза болған еді, – деді Әли Арғынбаев.

Оның мәліметінше, биыл терезеден құлау салдарынан 18 бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқиғалардың басым бөлігі 2-6 жас аралығындағы балалардың қатысуымен болған.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Маман мұндай жағдайлардың негізгі себебі – балалардың ата-ананың қарауынсыз қалуы екенін атап өтті.

– Көп жағдайда ата-аналар масаға қарсы торлардың қауіпсіздігіне сенеді. Алайда балалар терезеге жақындап, сыртқа қарауға ұмтылған кезде торға сүйеніп, онымен бірге жиі құлап кетіп жатады, – деді ол.

Осыған байланысты ТЖД өкілі ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, балаларды үйде жалғыз қалдырмау, терезе алдына орындық пен үстел секілді жиһаздарды қоймау және терезелерге арнайы блокираторлар орнату қажет.

– Қауіпсіздік ережелеріндегі басты қағида – баланы ешқашан жалғыз қалдырмау. Сондай-ақ терезе алдына орындық немесе үстел қоюға болмайды. Олар бала үшін сатының қызметін атқарады. Бұдан бөлек, терезелерге арнайы блокираторлар орнату маңызды, – деді Әли Арғынбаев.

Айта кетейік, терезеден құлаған балалардың көбі – бес жасқа дейінгілер.