Астанада жыл басынан бері 80-ге жуық вандализм дерегі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 80-ге жуық мүлікті бүлдіру фактісі анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті.

вандализм
Фото: Астана әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, елордада қоғамдық орындарды бақылауға арналған бейнебақылау жүйесі үздіксіз жұмыс істейді. Аялдама павильондарындағы камералардың басым бөлігі Жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ құқық қорғау органдары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дауыс зорайтқыштар мен дрондарды пайдаланады.

Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарнама құрылымдары, тұрғын үйлердегі бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтары бүлінеді.

Биыл бірнеше жағдайда вандалдар аялдама павильондарының есіктерін сындырып, орындықтары мен розеткаларын бүлдіріп, шыныларын сындырған. Тәртіп бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылды. Кейбіріне әкімшілік қамау жазасы қолданылған.

Полицияның хабарлауынша, мұндай құқық бұзушылықтарға кәмелетке толмағандар да жиі барады. Мәселен, тоғыз жасар баланың шлагбаумды сындырып кеткен фактісі тіркелген. Кейін оның ата-анасы анықталып, келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.

Құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін заңда жауапкершілік көзделгенін еске салды. Тәртіп бұзушылар келтірілген шығынды өтеп, айыппұл төлеуі немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Полиция тұрғындарды вандализм фактілеріне бейжай қарамауға шақырып, мұндай жағдайлар байқалған кезде «102» нөміріне хабарлауды сұрады.

Бұдан бұрын Олжас Бектенов вандализмге қарсы бақылауды күшейтуді тапсырғанын жазғанбыз.