Астанада жоғалған оқушылар табылды
АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Астана қаласының ішкі істер департаментіне елордадағы мектептердегі дайындық, бірінші және екінші сыныпта оқитын балалары сабақтан соң үйге келмегенін айтып, ата-аналары арыз білдіреді.
ІІД хабарлағандай, оларға балалары жоғалғанын айтып, қатты қорыққан ата-ана келеді. Олардың айтуынша, дайындық сыныбында оқитын 6 жастағы баласы мектепте кідіріп қалған. Оны әкесі күтіп алу керек еді, алайда ол уақытында келе алмаған. Соның нәтижесінде бала өзі автобусқа отырып, өз аялдамасынан өтіп кетеді де маршрут бағытының басынан соңына дейін жүріп шығады. Бала әбден кешқұрым табылып, ата-анасына аман-есен қайтарылады.
Басқа мектепте де осыған ұқсас жағдай болады. Арыз білдірген әйелдің бірінші сыныпта оқитын ұлы мен екінші сыныпта оқитын жиені мектептен соң үйге қайтып келмеген. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспектор балаларды әжелері күтіп алу керектігін анықтаған, алайда әжей де уақытынан кешігіп қалған. Балалар өздері үйге жетпек болған. Іздеу жұмыстарының барысында полиция қызметкерлері оларды «Мега» ойын-сауық орталығынан табады.
Астана қаласы Ішкі істер департаментінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Зүлфия Жақұпованың айтуынша, қалада үйлері мен мектеп арасы өте алыс орналасқан оқушылар жетерлік. Сондықтан ата-аналары олардың қауіпсіздігіне көңіл аударып, оларды мектептен уақытында күтіп алулары керек.