Астанада жол апатына түскен 6 жасар баланың анасына ота жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол апаты кесірінен самай сүйегі сынған әйелге ота жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада жол апатына түскен 6 жасар баланың анасына ота жасалды

Ведомстводағылардың айтуынша, 25 қаңтар күні 22:00-де №2 қалалық балалар ауруханасына Сарайшық көшесіне ұласып жатқан көпірде болған жол апатынан зардап шеккен бала жеткізілген. Алты жасар балаға «жабық бас сүйек-ми жарақаты» диагнозы қойылып, нейрохирургия бөліміне жатқызылды.

«Қазір баланың жағдайы қалыпты деуге келеді. Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері тұрақты қадағалап, емдеп жатыр. Жол апатына ұшыраған машинаны баланың анасы жүргізген. Ол №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. 26 қаңтарда сол жақ самай сүйегінің ашық сынуы жарақатын алған әйелге ота жасалды», - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетсек, 25 қаңтар күні кешкісін Астанадағы «Хайвилл» ТК маңындағы көпірде қайғылы жол апаты болып, ер адам қаза тапқан, аналы-балалы екеу ауыр жарақат алған болатын. Әлеуметтік желіде қала тұрғындары баланың суреті және оның туыстары ізделіп жатқаны туралы хабар таралды. Кейін Астана ІІД зардап шеккен баланың туыстары бірден табылғаны туралы мәлімдеді.