Астанада жол қозғалысын бақылайтын 70 жүйе орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қарқынды жол қозғалысы аумақтарында көліктердің қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтауын қадағалау мақсатында жол қозғалысын бақылайтын 70 жүйе (бейнекамера) орнатылды.
Бұл «Red speed» автоматтандырылған жылдамдық өлшегіш жүйелері мен 13 «Интегра-КДД» жол қозғалысын бақылайтын жүйе, деп хабарлайды astana.gov.kz. Астана қаласы ІІД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің басшысы Тахир Әбдурахмановтың айтуынша, аталмыш құрылғылар көліктің жылдамдығын арттыруы, бағдаршамның қызыл шамына өтіп кетуі, тоқтау сызықтарын кесіп өтуі тәрізді жол қозғалысының ережелерін бұзуын тіркеп жазып алып отырады. Барлық тіркелген заң бұзушылықтар автоматты түрде ІІД ӘПБ процестік орталығына жіберіледі. Заң бұзушылық тіркелген құжаттар, фотофиксациямен бірге сол тұлғаның тұрғылықты мекен-жайына жіберіледі. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көп жылғы тәжірибе көрсеткеніндей, «Red Speed» жүйесі орнатылған жерлерде болған көлік апаттарында адам өлімі орын алмаған. Айта кетейік, аталмыш жүйенің көмегімен үстіміздегі жылдың үш айында 8 328 жол-көлік ережесін бұзу фактісі тіркелді.