Астанада жол талғамайтын көлік қағып кеткен жасөспірім әлі есін жимады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жол апатынан зардап шеккен, бүйрегі мен көк бауырын алып тастаған 14 жастағы жасөспірім әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елорданың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада жол талғамайтын көлік қағып кеткен жасөспірім әлі есін жимады

«Жасөспірім бұрынғыша ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр», - деп хабарлады телефон бойынша «ҚазАқпарат» тілшісіне баспасөз қызметінің қызметкері.

Еске салсақ, «Lexus»  көлігінің 36 жастағы жүргізушісі Асан Қайғы көшесінің бойымен Иманов көшесіне қарай бара жатып, қиылыста басқа көлікке жол бермей, нәтижесінде Mercedes-Benz көлігімен соғысқан. Алған соққыдан Lexus жүргізушісі кәмелетке толмаған балалар мен тұрақта тұрған "Лада"көлігін соққан. Кейіннен Lexus тағы да тұрақта тұрған ZAZ маркалы көлікке соғысып, одан сол жерде тұрған Mitsubishi көлігімен тағы соғысқан", - деп хабарлады Астана қалалық ІІД өкілдері.

Апат салдарынан 2002, 2005, 2007 жылдары туылған жасөспірім балалар зардап шекті.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінде хабарлағандай, зардап шеккен балалар №2 балалар ауруханасына жеткізілді.

Бұдан бұрын Астанада балаларды соққан Lexus-570 көлігінің жүргізушісі ішімдік ішпегені хабарланған. Апат фактісі бойынша сот алды тергеу жүргізілуде.