Астанада жолақы төлеуден жалтарғандарға 25 млн теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеуден жалтаратындар саны азаймай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар-24 агенттігіне сілтеме жасап.
Картаны «автоматты қондырғыға бастым» деп, артынша өтірігі ашылатындар көп. Осылайша ақы беруден жалтармақ болған 5200-ден аса адамға жалпы құны 25 миллион теңге айыппұл салынған. Жолаушы тасымалымен айналысатын мамандар «автобустағы мәдениет әлі де төмен» деп қынжылады. Елордадағы қоғамдық көліктерге өткен жылы сараланған тариф енгізілді. Содан бері автобус парктері біршама пайдаға кенеліп жатыр. Бюджет түсімі де артты. Айталық, электронды төлем жүйесі арқылы табыс көлемі 300 миллион теңгеге дейін ұлғайған. «Сондықтан картаның шарапаты мол» дейді мамандар.
Алайда, «автоматты төлем» жүйесі енгізілгелі жүргізушілердің де, нұсқаушылардың да жұмысы ауырлады. Дұрысы, жүйкелері жұқаратын болды. Себебі әр жолаушыдан «картаңызды бастыңыз ба?» деп сұрай бергенді кім жақтырсын. Егер ақы төлемегені әшкереленсе, соңы жанжалмен тынады. Бір сөзбен айтқанда, автобустағы мәдениет әлі де төмен.
«Тексерістен соң жол ақысын төлемегендер анықталса, сөгіс еститін - автобустағы нұсқаушылар. Сондықтан автоматты төлем жүйесі әлі реттеле қоймады. Картаға қапалылар көп. «Салған ақшамыз тез таусылады яки уақытында түспейді» деп наразы», - дейді қоғамдық көлік нұсқаушысы Нұржамал Дүйсенбаева.
«Қашықтықтан немесе интернеттен салғанда, ақша бірден түспейді. Біз оны өзіміздің сайттағы шартта айтып кеткенбіз. Әр адам қашықтықтан толтырған кезде онымен келіседі. Яғни бірден емес, 24 сағат ішінде түседі деген талапқа бойұсынады. Көп адамдар түсініспеушілік салдарынан оны автобусқа отырған кезде байқап жатады», - деп түсіндірді «Астана LRT» ЖШС төлем жүйелері департаментінің директоры Дәурен Нұралиев.
Ақша уақытында түспесе, терминалдар бар. Бірақ бұл жерде де жағдай мәз емес. Ығы-жығы адам. Ұзын-сонар кезек. Жалпы қала бойынша картаны толтыруға арналған 30 терминал, 6 мамандандырылған касса жұмыс істейді. Сонда да кезек қысқарар емес. Кезек күту мәселесі жыл соңына дейін шешіледі.
«Астана LRT» өкілдері мәлімдегендей, желтоқсан айында елордада картаға ақша салатын қосымша 100 бөлімше ашылады. Қазір шаһардағы қоғамдық көліктерде картамен қатынайтындардың қатары 93 процентке жеткен. Сондықтан «кондуктор» атаулы атымен жоқ. Нұсқаушылар ғана бар. Енді автоматты төлем көрсеткіші 97-99 процентке жеткенде, автобустарда тек жүргізушілер ғана қалады.