10:25, 21 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Астанада жолаушылар автобусы бойжеткенді қағып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаяу жүргіншілерге арналған жолда автобус бойжеткенді қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«20 желтоқсан күні №54 автобус Түркістан көшесімен Алматы көшесі бағытына қарай келе жатып, жаяу жүргіншілер жолына кенет шыға келген бойжеткенді қағып кетті. Оқиға кезінде автобустың жылдамдығы 29 шақырым/сағат болған», - деп хабарлайды «Астана LRT» баспасөз қызметінен.
Компания таратқан хабарламаға сәйкес, зардап шеккен адам қалалық №2 ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына жеткен жергілікті полиция қызметкерлері автобус жүргізушісіне қатысты хаттама толтырды.
«Басшылықтың шешімі бойынша аталған автобустың жүргізушісі лауазымынан босатылып, «қара тізімге» кіргізілген. Демек, бұл дегеніміз оның бұдан былай қоғамдық көлікті жүргізе алмайтынын білдіреді», - делінген хабарламада.