Астанада жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады

«Таңғы сағат 7-нің шамасында «Газель» көлігінің жүргізушісі Бөгенбай батыр даңғылымен Сарыбұлақ көшесіне қарай бағыттап, жолда тиісті шеткі жаққа шықпай, оң жаққа бұрылып жатқанда, Bus line-мен өзімен бағыттас келе жатқан МАН маркалы 76-шы бағдарлы автобуспен соқтығысты», - деп хабарлады Астана қалалық ІІД әкімшілік полициясы басқармасынан.
Соқтығысқаннан кейін автобустың жүргізушісі тұраққа қойылған «Тойота» көлігін басып, одан кейін жарнама қалқаны тірегіне соғылды, соның салдарынан ол қасында тұрған «Газель» көлігінің үстіне құлаған.
Соқтығысу салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Медициналық куәландыру қорытындылары бойынша, «Газель» жүргізушісінің алкогольдік ішімдік ішпегені анықталды.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 610-бабы (Көлік құралдары жүргізушілерінің көлік құралдарының немесе өзге мүліктің бүлінуіне әкеліп соқтырған жол қозғалысының орнатылған қауіпсіздік ережелерін сақтамау) бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Ол 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуді немесе тоғыз ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды қарастырады.