Астанада жолда жүру ережесін бұзған жүргізуші 5 тәулікке қамауға алынды
АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада жолда жүру ережесін бұзған жүргізуші 5 тәулікке қамауға алынды.
Бұл туралы қалалық Жол полициясы басқармасынан хабарлады.
ЖПБ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 22 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 60 мың теңгеге айыппұл салынған жүргізушінің ісі қаралды. Соттың шешімімен ол бес күнге бас бостандығынан айырылды. Жүргізушінің автокөлігі айыппұл төленгенше айып тұрағына қойылды.
Осы ретте, елордалық Жол полициясы басқармасы көлік жүргізушілерін, салынған айып отыз күннің ішінде төленбеген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 524-ші бабына сәйкес, оларға тек айыппұл ретіндегі жаза ғана емес, сондай-ақ 10 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатындығын ескертті.
Жалпы ағымдағы жылдың төрт айы ішінде ЖПБ инспекторлары жол қозғалысын бақылау барысында 68 135 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. 64 мыңға жуық жүргізушіге жалпы сомасы 413 млн. теңгеге айыппұл салынды. Соның 156 млн. теңгесі ғана мемлекет пайдасына өндіріп алынды.