Астанада жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себіледі

Елордада екпінді жел соғып тұр, жол көктайғақ. Осыған қарай қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, жолдағы көктайғақпен күрес бағытында барлық шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды Kazinform қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

көктайғақ
Фото: Астана әкімдігі

Ауа райының құбылуына, жаңбыр түрінде жауын-шашынның көп жаууына және температураның өзгеруіне байланысты көшелерде көктайғақ орнайды. Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруі үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Астанада 5 желтоқсан күні боран, көктайғақ болып, екпіні 23 м/с дейін жел соғады.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жазатайым оқиғаларға тап болмас үшін көшеде жүргенде өте мұқият және сақ болуға шақырады.