Астанада жолды сапасыз жөндеген мердігерлер өз қаражаты есебінен қайта жөндейді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жолды сапасыз жөндеген мердігерлер анықталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қар еріп, жер қарайғандықтан Астана көшелеріндегі жолдардың сапасы тексерілген. Нәтижесінде 2021-2022 жылдар аралығында жөнделген қара жолдардан ақау шыққаны белгілі болып отыр.
Тізім келесідей:
1. Жетіген көшесі А. Пушкин көшесінен Ж. Досмұхамедұлы көшесіне дейін — «Сотис групп» ЖШС;
2. А. Иманов көшесінің бойында А. Янушкевич көшесінен Ш. Уәлиханов көшесіне дейін — «Айя Сервис» ЖШС;
3. Алаш тас жолы жол өтпесінен Жолымбет көшесіне дейін — «Айя Сервис» ЖШС;
4. Мәңгілік Ел даңғылы М1 көпірінен Бұқар жырау көшесіне дейін — «Компания Энергодор» ЖШС;
5. Қабанбай батыр даңғылы бойында Сарайшық көшесінен Қорғалжын тас жолына дейін — «Сотис групп» ЖШС;
6. Жеңіс даңғылы бойында Есенберлин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін — «Сотис групп» ЖШС;
7. Р. Қошқарбаев даңғылы бойында Қордай көшесінен М. Төлебаев көшесіне дейін — «Сотис групп» ЖШС;
8. Еңлік Кебек көшесінің бойында Сұлтан Бейбарыс көшесінен Болашақ көшесіне дейін — «РЕКМА КЗ» ЖШС.
«Осы аталған компаниялар өз қаражаты есебінен жолдарды қайта жөндейді» — делінген хабарламада.
Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл шаһарда ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын 50-ден аса көше жөнделеді.