Астанада ЖОО проректоры сот арқылы қызметіне қайта келді
Мәлім болғандай, азамат К. университеттегі лауазымын қалпына келтіру және жұмыста мәжбүрлі түрде болмаған уақыт аралығындағы еңбекақысын қайтару туралы Астана қаласының Есіл аудандық сотына жүгінген.
«2014 жылдың 19 маусымындағы Еңбек келісімшартына сәйкес арыз беруші университетте ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметінде 2017 жылдың 23 шілдесіне дейін болған. Кейін, қосымша келісіммен Еңбек келісімшартының мерзімі 2017 жылдың 1 қарашасына дейін өзгертілген. Алайда, осы жылдың 13 қазаны күні ол келісімшарт мерзімінің аяқталуына орай жұмыстан босатылған», - делінген таратылған хабарламада.
Сотта анықталғандай, арызданушы Еңбек келісімшартына қосымша келісімге қол қоймаған. Себебі ол уақытта шетелде болған.
«Онымен қоса, қолтаңбаға жүргізілген сот сараптамасы қосымша келісімге арызданушының атынан өзге тұлғаның қол қойғаны анықталды. Сот шешімімен проректорды жұмыстан шығару туралы бұйрықтар күшін жойып, жұмыста мәжбүрлі болмаған уақыт кезеңіндегі 1 млн теңгеге жуық жалақы қарызы өндіріп алынды», - деп атап өтті соттың баспасөз қызметінен.
Үкім заңды күшіне енді.