Астанада жосықсыз құрылыс компанияларына қатысты 16 қылмыстық іс тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазір 12 адам қамауға алынған.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес елордада 6 мыңнан аса салымшылары бар тұрғын үй кешендерін заңсыз салу дерегі анықталды.
— Бүгінгі таңда жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты 16 қылмыстық іс тергелуде, 12 адам қамауда. Құны 7 млрд теңгеден асатын аяқталмаған құрылыс объектілерін өндіріп алу туралы прокурордың 8 талабы сотпен қанағаттандырылды. Салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде пәтерлерді заңсыз сатуды жүзеге асырған 51 құрылыс салушы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 320-бабы бойынша жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада.
Бұдан басқа, рұқсат құжатсыз үлескерлердің қаражатын заңсыз тарту жүзеге асырылған «Qurmangazy» тұрғын үй кешенін бұзуға қол жеткізілді.
Өз кезегінде, құқық белгілейтін құжаттардың, сондай-ақ дайын және салынып жатқан тұрғын үй кешендері бойынша үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың бар екенін сілтеме бойынша өту арқылы тексеруге болады.
Бұған дейін Астана мектептерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілгені белгілі болды.