Астанада ЖРВИ-мен ауырғандар саны бір аптада 1,2 есе өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 12–18 қараша аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 21 158 жағдайы тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 1,2 есе өскен. Бұл туралы Kazinform агенттігіне Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева мәлім етті.
Оның айтуынша, алдыңғы аптада ЖРВИ-дің 17 691 жағдайы тіркелген. Сырқаттанғандардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. 12–18 қараша аралығында 12 694 бала ауырған. Бұл барлық науқастың 60 пайызы.
Осы кезеңде елордадағы 159 мектепте ЖРВИ тіркеліп, 2 016 оқушы сырқаттанған. Ал 3 997 бала ауырып, балабақшаға бармаған. Бұл балабақша тәрбиеленушілерінің жалпы санының 11 пайызына тең.
— Мектептер мен балабақшаларда сырқаттанғандардың үлесі 20%-дық шекті деңгейден аспады. Осыған байланысты кабинеттік оқыту жүйесін тоқтатуға және оқу процесін уақытша тоқтата тұруға негіз жоқ, — деді Айгүл Шағалтаева.
Елордада тұмауға қарсы екпе салу жалғасып жатыр. Биылғы эпидемиялық маусымға жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 169 005 дозасы сатып алынған. Тұрғындар жекеменшік медициналық орталықтарда ақылы түрде екпе ала алады.
Бұған дейін Астанада A (H1N1) тұмауы анықталғанын жазған едік.