Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қаланың медициналық ұйымдары инфекциялардың таралуына жол бермеу және тұрғындарға уақытылы көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр, деп хабарлады Астана қаласының әкімдігі.
Қазіргі уақытта елордада 2026-2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусым аясында ЖРВИ мен тұмаудың таралуына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.
Тыныс алу жолдарының инфекциялық белгілері бар тұрғындарды қабылдау үшін қалалық медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда науқастар медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек ала алады.
Аталған кабинеттер жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
– Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға ЖРВИ мен тұмаудан сақтану үшін бірқатар профилактикалық шараларды ұстануды ұсынады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені үнемі желдету, ауру белгілері бар адамдармен байланыстан мүмкіндігінше аулақ болу және өз бетінше емделмеу қажет. Ал тыныс алу жолдары инфекциясының алғашқы белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну ұсынылады, – делінген әкімдік ақпаратында.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада 2026-2027 жылдардағы тұмау маусымына дайындық аясында «Гриппол Плюс» вакцинасының 169 005 дозасы сатып алынғаны хабарланған еді. Екпе елордадағы 41 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында қолжетімді.