Астанада ЖРВИ жұқтыру жағдайларының төмендегені байқалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, жіті респираторлық вирустық инфекцияны (ЖРВИ) жұқтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қалады.
Эпидемиялық кезеңнен бастап (2015 жылғы 1 қазаннан) жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 10295 жағдайы, оның ішінде тұмаудың 39 жағдайы тіркелді, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.
2015/16 жылдардың өткен кезеңінде сырқаттанушылық алдыңғы эпидемиологиялық кезеңнің деңгейінен 61% төмендеді, ал апталық сырқаттанушылық эпидемиологиялық болжамнан аспаған.
Өткен жылдардағыдай, 14 жасқа дейінгі балалар негізгі қауіпті топ болып қалады, олар барлық сырқаттанушылықтың 52% құрайды, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар - 9%. Жүкті әйелдер арасында сырқаттанушылыққа назар аударылады, олар 1,7% құрады.
Тұмауға қарсы ең тиімді қорғаныс екпе жасау болып табылады. Иммунизацияны қазан-қараша айларында жүргізген дұрыс. Қазіргі заманғы вакциналар аса тиімді, қауіпсіз, төмен реактогенді және балалар мен ересектер арасында тұмаудың алдын алуға бағытталған. Вакциналарға иммунитет тудыру үшін 2 күннен 7-15 күнге дейін уақыт керек, иммунитет 6-12 айға сақталады. Биыл 85 870 адам тұмауға қарсы екпе жасатты.
Мамандар тұрғындарға суық тиюдің алғашқы белгілері шыққанда (тамақтың ауруы, жөтел, дене қызуы көтерілгенде) медициналық көмекке уақытында жүгінуді және өз бетіңізші ем жасамауды, жақындарыңызға жұқтырмау үшін бетперде киюді ұсынады.
Қоғамдық орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу қою керек. Күн сайын аурудың алдын алу мақсатында оксолин майын, барлық кезең бойы тамақ рационында сарымсақ, лимон, шөп қайнатпалары, бальзамдарды қолдану керек, олар иммунитетіңізді нығайтады және адам ағзасына вирустарды кіргізбейді.