Астанада «Жұлдызды аңыз-ертегілер» сайтының тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында, барлық қазақстандық балаларға бірегей интерактивтік сыйлық ретінде «Жұлдызды аңыз-ертегілер» атты сайттың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен.
Сайтты әзірлеушілердің айтуынша, www.ertegiler.kz сайты - еліміздің өнер шеберлерінің қатысуымен дайындалған қазақтың халық ертегілері мен аңыздарының бірегей аудио-нұсқасынан тұрады. «Бұл жоба Жаңа жыл алдындағы жас өскіндерге сыйымыз. Сайтта 12 ертегі мен аңыз бар. Жыл аяғына дейін соншасы шығады. Itunes үшін подкаст дайын. Мобильдік қосымшасы 2015 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылады», - деп атап өтті «Aray Media Group» ЖШС директоры Қуат Сағынтаев.
Жоба «Нұр Отан» партиясының «Балалық шақ» атты бағдарламасының аясында жарық көрді. Сонымен қатар бастамаға «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қоры» қолдау білдірді. Танымал актерлер, тележүргізушілер, әншілер, композиторлар, әзілкештер, дирижерлар мен айтыскерлер жобаға риясыз түрде ықылас қойып, өздері бала кездерінде ата-аналары, ата-әжелерінен естіген ертегілік оқиғаларды жаңа үрдіске сәйкес дыбыстады. «Біздің заманамызда мұндай жобалар пайдалы және көкейкесті. Қай халықтың болмасын рухани мұрасы халықтық ертегілерден бастау алады. Ал оларды сақтап және кейінгі ұрпаққа жеткізу, міне, осындай жобалардың міндеті», - деді танымал әнші Жанар Доғалова. Сайтқа кіріп, қолданушы ертегінің атауын, оның танымал орындаушысын көреді және онлайн режимінде тыңдай алады немесе сүйікті ертегілер шоғыры үшін жүктеп алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ертегілер қазақ ұлттық аспаптарының сүйемелденуінде орындалып, орташа алғанда бес минутқа дейін созылады. Музыкаларды жазу барысында әр алуан стилдердің әуендері пайдаланылды. Өз кезегінде, жұлдыздар бұл жобаға қатысудың өздері үшін баға жетпес шығармашылық тәжірибе болғанын атап өтті. Жобаға тележүргізушілер - Ләйлә Сұлтан мен Нұрлан Қоянбаев, әнші Қарақат Әбілдина, музыкант Әли Оқапов, актер Нұрлан Әлімжанов және т.б. қатысты. Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.