Астанада Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдығына арналған көрме өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Тәуелсіздік сарайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің 100 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Астанада Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдығына арналған көрме өтуде

Аталмыш іс-шара Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Экпозицияға еліне ерен еңбегі сіңген қайраткер Ж.Тәшеновтің жеке заттары - фотосуреттері, қолжазбалары, кітаптары, жеке куәліктері, фотоаппараты және т.б. қойылды.

Іс-шараның мақсаты еліміздің айтулы азаматтарының еңбектерін болашақ ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерінде болған Жұмабек Тәшенов Қазақстан аумағының тұтастығын сақтауға зор үлесін қосып, еліміздің экономикалық және өндірістік жобаларының қаржыландырылуына атсалысты. Астанада қоғам қайраткері Ж.Тәшеновтің есімі берілген көше бар.

Көрме жұмысы 25 наурызға дейін жалғасады. Кіру - тегін.