Астанада Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдығын атап өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының №10 орта мектебі ғимаратында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Аталған шараға ҰОС ардагерлері, зиялы қауым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жастар ұйымдарының белсенділері, елордалық студенттер мен қала тұрғындары қатысты. Ж. Тәшенов өмірін зерттеуші Мейрам Байғазин жиылған қауымға қайраткер туралы баяндама жасады. - Жұмабек Тәшенов - ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тұрғанында еліміздің шекараларын батыл сақтап қалған бірегей тұлға. Оның беделі жоғары еді. Ең бастысы Тәшенов қандай қызметте жүрсе де, қандай биіктерге көтерілсе де, адами құндылықтарын жоғалтпаған, бұқара қамын әрдайым ойлай білетін қарапайым адам болған, - дейді Мейрам Байғазин. Айта кетейік, 1999 жылдың 25 мамырында Астана қаласы мәслихатының шешімімен елордадағы Полевая көшесіне Жұмабек Тәшеновтың есімі берілген болатын. Одан өзге, Алматы, Көкшетау, Шымкент қалаларында да қайраткердің атындағы көшелер бар.