Астанада жұмыс іздеушілерге қандай мүмкіндіктер бар

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жұмыс іздеушілерге арналған бірқатар қолдау шарасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Омар Олжас мәлімдеді.

Астана, парк
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, қалада жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бағдарламалар халықтың әртүрлі санатын қамтып отыр.

— Жастарды қолдау үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама жоғары және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне, сондай-ақ жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған, — деді ол.

Оқуын аяқтаған азаматтар бағдарламаға 5 жыл ішінде қатыса алады. Практика 12 айға дейін жалғасады және бұл уақыт еңбек өтіліне есептеледі.

— Қатысушыларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді. 2026 жылы бұл 129 750 теңгені құрайды, — деді орталық басшысы.

Сонымен қатар зейнеталды жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы да іске асырылып жатыр.

— Аталған бағдарлама 50 жастан асқан азаматтарды 36 айға дейін жұмыспен қамтуды көздейді және тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар уақытша жұмыс іздегендерге қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Бұл жұмыстарға қатысқандарға 24 АЕК көлемінде жалақы төленеді (2026 жылы — 103 800 теңге), ал қатысу мерзімі 12 айға дейін, — деді ол.

Айта кетейік, елордада 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.