Астанада жұмыс істейтін 18 мың мекеменің 1,5 мыңында ғана ұжымдық келісімдер жасалған - Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада жұмыс істейтін 18 мың мекеменің сегіз пайызы, яғни 1,5 мыңында ғана жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында ұжымдық келісімдер жасалған.
Бүгін қаладағы Конгресс-Холл сарайында өткен еңбек заңнамасы бойынша жалпықалалық семинар-кеңесте, Астана қаласы бойынша Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев атап көрсеткендей, келісімшарттарға отыру бастамасы жұмыс берушілерден ғана емес, жұмысшылардың өздерінен де шығу керек. Бұл еңбек заңнамасымен қарастырылған. Ал жұмыс беруші бұл бастамадан бас тартып жатса, ол заң жүзінде әкімшілік жауапқа тартылып, 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі тиіс болады.
Еліміздің бас қаласында Еңбек кодексінің бұл талаптарының орындалу үрдісі неліктен төмен деген сауалға жауап берген С.Мыңбаев: «Оның басты мәселесі көптеген жұмыс берушілер мен жұмысшылардың ұжымдық шарттың мәні мен мағынасын жіті түсінбеушілігінде. Бүгінгі семинар-кеңесте бұл мәселеге жеке тоқталып отырғанымыздың себебі де осы. Ұжымдық шартта еңбеккердің жұмыс жағдайы, жалақысы, демалысы қарастырылады. Бұл адамның жеке басының құқығы. Ал шарттарға отырмаған жұмысшылар, бүгінгі күнде қандай құқықтық актілерге негізделіп жұмыс істеп жатқаны маған түсініксіз», - дейді.
Кәсіподақ төрағасының айтуынша, қаладағы 18 мың кәсіпорынның 226-сында кәсіподақтар жұмыс істейді. Олардың 95 пайызында ұжымдық шарт жасалған.
Айта кетейік, ұжымдық шарт жасау туралы жалпыреспубликалық акцияға бастауды 2008 жылғы қаңтардың 24-інде Жезқазған қаласында өткізілген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық форумда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев берген болатын. «Бұл акция жалпыұлттық болуы және мейілінше көп жұмыс берушілер мен жұмысшыларды қамтуы тиіс. Бұның барлығы, сайып келгенде, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін жасалады», - деп атап өткен болатын Елбасы.