Астанада жұмысқа орналасу бойынша «JOLTAP» жобасы іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «JOLTAP» жобасы іске қосылады. Ол кірістерді арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Жоба әкімдікте өткен кеңесте таныстырылды. Оған сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс, көлік, қызмет көрсету салаларындағы 100-ге жуық кәсіпкер, бірқатар салалық қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері қатысты.
«JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда, Жобаның бірлескен операторы - «Баршаға мүмкіндік» қоғамдық қоры.

Жоба мақсаты – мұқтаж азаматтардың өмірлік жағдайын анықтау және қамту. Бұған адамдар көп жиналатын орындарда «Баршаға мүмкіндік» деп аталатын модульдік пунктерді орналастыру есебінен қол жеткізілетін болады. Өтініш берушілерге міндетті түрде табысын арттыру үшін мемлекеттік және қосымша қолдау шаралары ұсынылады.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жобаның идеясы қала тұрғындарының табысын арттыру және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша мүмкіндіктер спектрін ұсыну, сондай-ақ бірегей деректер базасын құру және жұмысқа орналастыруда проактивті тәсіл қолдану.

Осы мақсатта барлық маңызды жұмыс орындары қамтылған бірыңғай Telegram-арна секілді құралдар қосымша іске қосылады, сала көшбасшыларының талаптары мен стандарттары бойынша қысқа мерзімді оқыту, сондай-ақ цифрлық дағдыларды (фрилансқа арналған мамандықтар) тегін оқыту ұйымдастырылады.

Осы құралдарды тиімді іске асыру үшін кездесуде қаланың негізгі жұмыс берушілері ретінде бизнестің жобаға қатысу мәселесі талқыланды. Бизнес өкілдері жобаны іске асыруды қолдап, кадрларды іздеу мен даярлаудың түйткілді проблемасына байланысты қосымша шаралардың өзектілігін ерекше атап өтті.
Ынтымақтастық туралы меморандумға әкімдік, «Баршаға мүмкіндік», «Magnum», «Technodom», «Тәп-тәтті» сияқты салалардың көшбасшылары қол қойды.
