Астанада жұмыссыздар жол жөндеуге тартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың жұмыссыз тұрғындары астана көшелеріндегі жолды жөндеу жұмыстарына тартылады, деп хабарлады қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы. Атап айтқанда, жұмыссыз тұрғындар Иманбаева, Мұстафин, Отырар, Нәжімеденов, Абылай хан даңғылы бойынша жол жөндеу жұмыстарына қатысады.
Жөндеу жұмыстарына Астанадан барлығы 137 жұмыссыз тартылады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аясында биыл аталмыш көшелерде орташа жол жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Тек «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының көмегімен биыл Астанада жұмыссыздар күшімен елорданың 55 әлеуметтік нысаны жөнделгенін атап өткен жөн, олар: балабақша, мектеп, аурухана. Барлығы 1133 жаңа жұмыс орны құрылады, олардың 50 пайызын қаланың жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жұмыссыздар құрайды.