Астанада жүргіншілер өткелінде адам қағып кеткен жүргізуші бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қабанбай батыр даңғылы бойындағы жүргіншілер өткелінде жаяу жүргінші қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Астанада жүргіншілер өткелінде адам қағып кеткен жүргізуші бас бостандығынан айырылды

«Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты Д.Кивеновке қатысты үкім шығарды. Ол ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен (көлік құралын жүргізушінің жол жүру ережелерін бұзу салдарынан, абайсызда кісі өліміне әкеліп соғу) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды», делінген хабарламада. 2013 жылғы 4 маусымда сотталушы Д.Кивенов Астана қаласында жол жүру ережесін бұзып, Қабанбай батыр даңғылы бойындағы жүргіншілер өткелінде жаяу жүргінші У.Байжұмановты қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. 2015 жылғы 17 наурыздағы сот үкімімен Д.Е.Кивенов кінәлі деп танылды. Оған 3 жылға көлік басқару құқығынан, 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қоныс колониясында өтеу тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.