Астанада жүргізілген «Стоп-трафик» шарасының барысында жезөкшелікпен айналысып жүрген 37 қыз арнайы есепке қойылды
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қыркүйектің 7-сі мен 11-і аралығында Астана қаласында тоқсан сайын жүргізілетін «Стоп-трафик» республикалық жедел-сауықтыру шарасы ұйымдастырылды.
Аталмыш шараның нәтижелері жөнінде бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш департаменттің Мемлекеттік тіл және
ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш шара адам саудасы және мәжбүрлі сондай-ақ ерікті түрде жезөкшелікпен айналысу әрекеттерімен күрес мақсатында жүргізілген. «Біз осы тектес әрекеттермен айналысып жүрген азаматтарды анықтау мақсатында елордадағы демалыс орындары мен сауналарда және сексуалдық қызмет көрсетумен айналысатын пәтерлерді тексеріп сауықтыру шараларын жүргіздік. Ал жезөкшелерге арналған притондарды анықтау үшін пәтерлерді жалға беретін азаматтар мен ақылы түрде сексуалды қызмет көрсетіледі деген орындардың барлығын араладық. Осы шаралар барысында тәртіп сақшылары 37 қызды фото және бейне есепке қойды. Барлық қыздармен сауықтыру шаралары жүргізілді. Сондай-ақ уақытша қабылдау орындарына 12 қыз жабылды. Олардың 3-еуі Өзбекстан елінің азаматшалары. Шетелдіктердің Қазақстанға келу тәртібін бұзғандығы жөнінде 3 әкімшілік хаттама толтырылып, оларды отандарына жөнелту мәселесі шешілуде», деді бөлім бастығы.
Сондай-ақ ол келтірген деректер бойынша, шара барысында жезөкшелікпен айналысуға арналған арнайы притондар ұйымдастырды деген айыппен 2 қылмыстық іс қозғалған.