Астанада жүргізуші куәлігінен айрылған 169 адам рульге қайта отырған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Астанада 4 айда көлік жүргізу құқығынан айрылған 169 жүргізуші ұсталды. Көлік жүргізу құқығынан айрылған жүргізушілерді анықтау үшін «Қорғау» мобильді қосымшасы пайдаланылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада жүргізуші куәлігінен айрылған 169 адам рульге қайта отырған

Елордада ІІМ жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған «Қорғау» жүйесі 26 сәуірден бастап іске қосылды. Содан бері жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы мәлімет қызметкерлердің планшеттеріне тікелей түседі, бұл – заң бұзушылықты жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

«Мәселен, рейд барысында мобильді қосымшаға көлік жүргізу құқығынан айрылған жүргізушілерге қатысты хабарламалар түсті. Бір күнде 3 жүргізуші ұсталды, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі (Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын жүргізуі) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушілерге 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Барлығының бұрын сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

ІІМ «Қорғау» мобильді қосымшасы іске қосылғалы бері 4 925 жүргізушіге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешегі туралы хабарлама жіберілген. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық тұрағына 673 автокөлік орналастырылды. Сонымен қатар, көлікті жалған нөмірмен басқарған 84 жүргізуші, құжатсыз 395 жүргізуші және көлікті басқару құқығынан айырылған 169 жүргізуші ұсталды.