Астанада жүргізуші куәліктерін алып беруді уәде еткен алаяқ ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астананың полиция қызметкерлері 4 азаматтың арызы негізінде Өзбекстанда туған елорда тұрғынын алаяқтық бабымен ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада жүргізуші куәліктерін алып беруді уәде еткен алаяқ ұсталды

«Сарыарқа» ауданының полиция басқармасына 4 азамат «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп ақша алған адамның үстінен арыз жазды. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде елордада тұратын Өзбекстан Республикасының 32 жастағы тумасын ұстады.

Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған азамат жүргізуші куәлігін тиісті емтихан тапсырмай-ақ алып беретіні туралы уәде берген. Ақысына жәбірленушілерден түрлі сомада ақша сұраған. Ақша депозитке түскен соң күдікті байланысты үзіп отырған», - деп жазады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Полиция өкілдерінің мәліметі бойынша, күдікті кінәсін мойындаған. Енді оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен («Алаяқтық») қылмыстық іс қозғалды.

Полиция департаменті азаматтарды алаяқтықтың жиілеп кеткен фактілері туралы ескертеді және қаскүнемдердің айла-амалдарына бой алдырмауға, бейтаныс адамдарға сенбеуге, ақшаны, бағалы заттарды, сондай-ақ банк шоттары мен карталарының цифрлық деректерін ешкімге бермеуге шақырады», - делінген полиция таратқан мәліметте.