Астанада журналистер аллеясы ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың 25 жылдығы қарсаңында бас шаһарда «Журналистер аллеясы«ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аллеяда баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнайы мүсіндер орнатылған.

Салтанатты шарада сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бүгін отандық журналистика үшін тарихи сәт екенін атап өтті.


«Бүгін қазақ журналистикасы үшін тарихи сәт болды деуге болады. Осыдан дәл екі жыл бұрын Мемлекет басшысының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылды. Қаламгерлер аллеясымен жалғасып жатқан журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді.

Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баһадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасқан. Барлық басылымдар мен медиа аты журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болады.

Таяуда ғана Президенттің қамқорлығымен 2 ақпан - Ұлттық басылым күні болып белгіленді. Бұл да бір сабақтастықтың жарқын көрінісі», - деп тоқталды министр.

Шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек «Журналистер аллеясы» қала тұрғындарының жиі серуен құратын сүйікті орнына айналады деп сенім білдірді.

«Баршаңызды келе жатқан Елорда күнімен, ал журналистерді өткен кәсіби мерекесімен құттықтаймын! 25 жыл ішінде елорда әкімшілік орталыққа ғана емес, мәдениет, шығармашылық және руханият орталығына айналды. Бүгінгі таңда ірі басылымдар мен БАҚ кеңселері біздің қаламызда орналасқан. Осыған байланысты мұндай аллеяның елордада пайда болуы орынды деп санаймын. Журналистика - үлкен жауапкершілікті талап ететін және қоғамның дамуына елеулі үлес қосатын бірегей мамандық. Күн сайын бізге өзекті тақырыптар мен маңызды ақпараттарды жеткізетін мамандардың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Журналистер аллеясы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналады деп сенемін», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.




Соңғы жаңалықтар