Астанада журналистер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы үздік жарияланымға конкурс басталды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада журналистер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған үздік жұмыстарға конкурс басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті және Қарағанды облысының балалар мен жастар ұйымы бірлесіп, 2024 жылдың 8 қарашасынан бастап журналистер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік тақырыбында үздік жұмыстар байқауын өткізеді.
Байқаудың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру және осы мәселелерді ашып көрсететін журналистерді қолдау.
2024 жылы жарық көрген еңбектердің авторлары болып саналатын Астана қаласының журналистері байқауға қатыса алады. Өтінімдер 2024 жылдың 7-30 қараша аралығында қабылданады. Жұмыстар өзектілік, тереңдік, жаңашылдық және қолжетімділік сияқты критерийлер бойынша бағаланады.
Жеңімпаздар арнайы салтанатты рәсімде ақшалай сыйлықтармен марапатталады: 1-орынға – 150 000 теңге, 2-орынға – 100 000 теңге және 3-орынға – 50 000 теңге.
Өтінім беру үшін өзіңіз туралы ақпарат пен материалдарыңыздың сілтемесін мына электронды поштаға жіберу қажет: [email protected].