Астанада журналистер арасында шағын футболдан турнир өтті (ФОТО)

Стадионда ойыншылар мен оларға қолдау көрсетуге келген жанкүйер әріптестерінің көңіл-күйі ерекше сезілді.
Шара барысында «Kazsport», «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының, «Астана Ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттерінің, сондай-ақ, «Казконтент», «Журналисттер үйінің», «ҚазАқпарат» агенттігінің, «Қазмедиа орталығының», «Көркем» студиясының, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының, «Қазақ радиосы» және «National Geographic Қазақстан» қызметкерлері шеберлік байқасты.
- Құрметті әріптестер, Сіздерді алдағы Байланыс және ақпарат күнімен құттықтаймын. Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз - объективтіліктеріңіз бен жаңалыққа, ақиқатты анықтауға деген ұмтылыстарыңыз - кәсіптеріңіздің ерекше қасиеті осы. Біз БАҚ өкілдерімен достық әріптестік қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Баршаңызға табыс пен жаңа шыңдардан көрінуді тілеймін, әрқашан да көздеген мақсаттарыңызға жетіңіздер, - деді қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов.
Жеребе тасталғаннан кейін командалар төрт шағын топқа бөлінді.
Стадион алаңы екіге бөлініп, бір уақытта екі командадан жарысты. Бір тайм 10 минутқа созылды.
Тартысты өткен турнирде «Қазақ радиосының» журналисттері бас жүлдені жеңіп алды.
- Бүгін мереке қарсаңында барлық журналисттер өз жұмысының қорытындысын шығарды. Жарысқа 13 команда қатысты, соның ішінде Амангелді Сейтқан, Зейін Әліпбек сынды журналистика майталмандары да ойнады. Осындай іс-шаралардың арқасында біз - жас журналистер үлгі алып, кәсіби тұрғыдан өсеміз. Бәріне де сәттілік тілеймін, келесі мерекеде кездескенше, - деді «Қазақ радиосының» дикторы Досымжан Ермұрат.
Жарыста «күміс» жүлде «Хабар» телеарнасының қызметкерлеріне, «қола» «Қазақстан» телеарнасына бұйырды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі төртінші орында.
Жүлделі орын алған командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.